КЕРІ БАЙЛАНЫС

«Богатырь Көмір» ЖШС-нің 10 қызметкері жаңа Komatsu WA900-8R жүк тиегішінде жұмыс істеу үшін арнайы оқудан өтті.

Олардың қатарында Қазақстандағы осы сериядағы алғашқы әрі әзірге жалғыз жүк тиегішті басқарып, оған қызмет көрсететін 8 жүргізуші мен 2 механик бар.

Жаңа техника тек тәжірибені ғана емес, қауіпсіздік пен жұмыс тиімділігін арттыратын заманауи жүйелерді меңгеруді де талап етеді. Жүк тиегіш 360 градусқа шолу мүмкіндігі бар бейнебақылау жүйесімен жабдықталған, бұл жүргізушіге машинаның айналасындағы жағдайды толық бақылауға мүмкіндік береді. Қосымша қауіпсіздікті автоматты өрт сөндіру жүйесі қамтамасыз етсе, тайғанауға қарсы жүйе күрделі жағдайда техниканың орнықтылығын арттырып, шиналардың тозуын азайтады. Бүгінде кәсіпорын мамандары жаңа машинаның мүмкіндіктерін өндірістік жағдайда іс жүзінде меңгеріп жатыр. Жаңа жүк тиегіш Болат Бейсембаевтың бригадасына бекітілді.

– Бұған дейін осындай жүк тиегіштің үшінші буынында 19 жыл жұмыс істегенмін. Енді, міне, сегізінші сериясы келді. Заман талабына сай жетілдірілген. Жаңашылдықтарымен танысып, меңгеріп жатырмыз, – деді Болат Құдайбергенұлы.

Естеріңізге сала кетейік, 21 мамырда «Богатырь Көмір» ЖШС-нің Технологиялық көлік басқармасы жаңа Komatsu WA900-8R жүк тиегішін пайдалануға берді. Бұл – өнімділігі жоғары, отын үнемдеу мүмкіндігі арттырылған және заманауи басқару жүйесімен жабдықталған жоғары технологиялық техника.