КЕРІ БАЙЛАНЫС

«Богатырь Көмір» ЖШС тау-кен техникасын жаңарту жұмыстарын жалғастыруда.

Бүгін кәсіпорында Komatsu WA900-8R жүк тиегіші пайдалануға берілді.

Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты шарада сөз алған бас директордың орынбасары – атқарушы директор Андрей Свинконың айтуынша, бұл жүк тиегіштен бөлек бес экскаватор алынған. Оның үшеуі пайдалануға берілсе, біреуі қазір жиналу үстінде, бесінші экскаватор келер жылы жеткізілмек.

Бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Сергей Усик көмір өндірісі – энергетиканың негізі екенін, ал бұл қуатты техника өнім көлемін арттыруды қамтамасыз ететінін атап өтті. Ол жаңа техниканың тұрақты жұмыс істеп, өндірістік жоспарлардың мүлтіксіз орындалуына тілектестік білдірді. 

Өз кезегінде жеткізуші компания «KOMEK Machinery Kazakhstan» ЖШС өкілдері Арман Шаймерденов, Гото Рюдзо және Мұрат Батырбеков Komatsu брендін таңдағандары үшін ризашылық білдіріп, Технологиялық көлік басқармасының директоры Асылбек Нұрғалиевке символикалық кілт табыстады.

Сергей Усик дәстүр бойынша жаңа техникаға шампан сындырғаннан кейін, жүк тиегіш жүргізушілер бригадасының бригадирі Болат Бейсимбаев WA900-8R машинасын оталдырып, оның мүмкіндіктерін іс жүзінде көрсетті.

Алып техниканың техникалық сипаттамалары:

• Салмағы: 118 000 кг;

• Шөміш сыйымдылығы: 13,0 м³;

• Қозғалтқыш қуаты: 900 ат күші.

Жүк тиегіш автоматты өрт сөндіру жүйесімен және алты бейнебақылау камерасымен жабдықталған. Оператордың жайлы әрі қауіпсіз жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалған: ауа баптағыш, 7 дюймдік сұйық кристалды дисплей және заманауи басқару жүйелері орнатылған. Ал ыңғайлы орындық пен джойстик алып машинаны жеңіл басқаруды қамтамасыз етеді. Өндірушілер ұсынған заманауи техникалық шешімдер отынды үнемдеуге және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.